Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,82 триллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл былтырмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары. Құны 337 миллиард теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы 3,4 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.
"Маңызды жобалар қатарында жылына 70 мың автокөлік шығаратын KIA зауыты көп ұзамай іске қосылады. Бұл жаңадан 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүк автомобильдеріне жетекші белдем өндіретін "Камлит.KZ" зауыты бар. Жобаның инвестиция көлемі – 160,5 миллиард теңге. Онда 550 жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды", — деді өңір әкімі.
Мемлекет басшысына жыл басынан бері өңірде 22 әлеуметтік нысан іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Жыл соңына дейін тағы 29 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында облыста су тарату және су бұру жүйелеріне қатысты 54 жоба іске асырылып жатыр. Қала халқының 99 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 91,3 пайызы орталықтандырылған су құбырына қосылған", — деді әкім.
Биыл облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға 102 миллиард теңге бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. 1300 шақырым автожолға, соның ішінде 7 республикалық трассада құрылыс, реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жезқазған – Петропавл учаскесінің реконструкциясы аяқталуға жақын. Қостанай – Мамлют жолы толық жаңарды. Екатеринбург – Алматы бағытындағы Сарыкөлден Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
"Елді мекендердің көшелері мен жолдарын жақсартуға айрықша көңіл бөлінеді. Бюджеттен 103 ауылдағы 400-ден аса көшені жөндеуге 29 миллиард теңге бағытталды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп", — деді әкім.
Кездесу соңында Президент инвестиция көлемін одан әрі арттыру, өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажеттілігіне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына әзірлікті уақтылы аяқтап, күзгі жиын-терін науқанын сапалы ұйымдастыруды, сондай-ақ, ауыл тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз