Бүгінгі сот отырысына жәбірленуші онлайн қатысып, оқиға барысын баяндады.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары бірінші оқтың тура басына бағытталғанын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Алғашқы оқ тура басыма атылды. Бұғып үлгердім. Артымнан тағы 4 рет оқтың дауысы естілді. Жерге құладым. Қасыма келіп, тағы да мылтығын оқтап жатты. Қансырап жаттым, бірақ орнымнан тұрмасам, өлетінімді білдім. Бір қолым істемей қалды. Сөйтіп орнымнан қозғалып, Жиенбаймен алыстым. Сол кезде қарудың жерге құлағанын естідім. Жиембай қашуға дайындалып жатқанда, жүргізушім Мейрамбек оны көлікпен жай ғана қақты. Ол тұрды да қашты, – деді сотта жәбірленуші.
Руслан Берденов қастандық жасаған адамның Ернар Жиенбай екенін кейін ғана білгенін айтып отыр.
Жәбірленушінің сөзінше, оқиға куәгерлері – 2 қыз алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жанын аман алып қалуға себепші болған.
– Олардың біреуі медбике екен. "Ұйықтамаңыз, көзіңізді жұмбаңыз" деп демеп отырды. Солар маған алғашқы көмек берді. Сол сәтте оң өкпемнің істемей қалғанын сездім. Ауа жетпей жатты. Тыныс ала алмай, аузыма қанның дәмі келгенде, өмірімнің соңғы сәті жетті деп ойладым. Ота кезінде өкпемнің 20 пайызы алынып тасталды. Бауырымды шашып, қайта жинады, – деді Руслан Берденов оқиға болған күнді еске алып.
Бұған дейін Руслан Берденовтың сотта онлайн жауап бергенін жазған едік.