АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Аляскада өткен келіссөздерге қатысты мәлімдеме жасады — оның айтуынша, мақсат әлі орындалған жоқ, десе де оған жетуге жақсы мүмкіндіктер бар. Бұл туралы CNN жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесуі барысында біраз ілгерілеушілік болғанын әрі маңызды жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты. Дегенмен келісімге қол жеткізу тек оған қол қойылғаннан кейін ғана мүмкін болмақ.
"Біраз уақыттан кейін мен НАТО-ға қоңырау шаламын. Мен өзім орынды деп есептейтін әр түрлі адамдарға қоңырау шаламын. Әрине президент Зеленскийге қоңырау шалып, бүгінгі кездесу туралы айтамын. Сайып келгенде, бәрі солардың қолында", — деді Трамп.
Ақ үй басшысы келіссөздердің қорытындысын шығарды.
"Біз өте нәтижелі кездесу өткіздік және көп мәселеде келісімге қол жеткіздік. Біз мақсатқа жете алмадық, бірақ оған жетуге жақсы мүмкіндіктер бар", — деді Трамп.
Ол сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, арнайы өкіл Стив Уиткофф және әкімшілігінің өзге де мүшелері Путинмен талқылаған мәселелерге Украина тарабы келісуге тиіс екенін айтты, бірақ Трамп қандай мәселелер екенінің егжей-тегжейіне тоқтамады.
Басылымның жазуынша, АҚШ президенті соңғы келіссөздердің қорытындысы бойынша сөзін небәрі төрт минутта аяқтаса, ресейлік әріптесі сегіз минут бойы сөйлеген.
Еске салсақ, екі лидердің кездесуі Анкоридже қаласындағы Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында өтті. Көшбасшылардың кішігірім құрамдағы келіссөздері "үшке-үш" форматында өтіп, 2 сағат 45 минутқа созылды.
Бұдан кейін президенттер БАҚ өкілдерімен кездесіп, Ресей президенті Аляскада Ақ үй басшысы Дональд Трамппен келіссөздерін қорытындылады – оның пікірінше, кездесу конструктивтік жағдайда өтті.
Сол арада Қазақстан Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуін Украина бойынша ең жоғары деңгейдегі келіссөздер үдерісінің бастамасы ретінде құптайтынын мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз