Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 90-шы отырысын өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның салалық және сыртқы саясатқа жауапты ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен даму ұйымдарының өкілдері қатысты. Комиссия – өңірдегі трансшекаралық су ресурстарын басқарудағы негізгі мемлекетаралық орган.
Отырыста агроклиматтық жағдайдың күрделенуіне байланысты су ресурстарын әділ бөлу мәселесі талқыланды. Қанат Бозымбаев биылғы вегетациялық кезеңнің аса қиын жағдайда өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі мен су тапшылығы елдерден келісілген қадамдар мен қабылданған шешімдерді қатаң сақтауды талап етеді.
– Шардара су қоймасындағы су көлемі көпжылдық орташа деңгейден төмен. Бұл төменгі ағыс аймағы үшін нақты қауіп. Комиссия аясында қабылданған шешімдер толық орындалмай отыр, бұл су режимін реттеуде елеулі қиындықтар туғызуда. Уақыт бізден жедел әрекет етуді талап етеді. Біз тек талқылап қоймай, нақты шаралар қабылдауымыз керек, – деді ол.
Отырыс аясында Бозымбаев Тәжікстан және Өзбекстанның су шаруашылығы басшыларымен екіжақты келіссөздер өткізді. Кездесулерде Сырдария және Әмудария бассейндеріндегі су лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдері талқыланды, ал келесі жылғы вегетациялық кезеңге дайындық жоспары бекітілді.
Жиын қорытындысында комиссияның 90-шы отырысының хаттамасына қол қойылып, келесі кездесу Түрікменстанда өтетіні белгілі болды.