Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды.
Бейбіт Исабаев биылғы бірінші жартыжылдықта өңірге 178 млрд теңге (өсім – 29,5 пайыз) инвестиция тартылғанын айтты.
С️онымен қатар 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық портфель жасақталып, оған жалпы құны 2,6 трлн теңге болатын 128 жоба енгізілгенін жеткізді. Олардың аясында 10,6 мың жұмыс орны ашылады.
Атап айтқанда, тау-кен байыту комбинаты, "Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы" индустриалды паркі, жел электр стансаларының зауыты, халықаралық әуежай салынады.
️Одан бөлек агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы мәлімет берілді.
Биыл облыста 540 мың тонна қызылша жинау және 78 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр.
Бейбіт Исабаев өңірдің көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетінің жай-күйі, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымдарды салу және жөндеуден өткізу туралы баяндады.
Сондай-ақ туристік салаға баса назар аударды.
- Алакөлдің жағасындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр;
- Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жөндеуден өткен;
- Өңірде кәріз және электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда;
- "Балқаш" туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары әзірленді;
- Лепсі ауылы – Балқаш көлі жағалауы автожолы реконструкциядан өтіп, инженерлік инфрақұрылым салу жобасы іске асырылып жатыр;
- Жыл соңына дейін Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай автожолының құрылысы аяқталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қант өндірісін одан әрі дамытудың, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз етудің, туристік инфрақұрылымды жетілдірудің және демалушыларға қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды.
Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылауда ұстауды тапсырды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз