Адам өзі үш бірліктен құралады екен: тәні, жаны және ары. Ар дегеніміз рұх деп те аталады. Тән дегеніміз физикалық заңдылыққа бойсынатын жануар және адамның өмір сүруіне қажет биологиялық негіз. Жан дегеніміз физикалық заңдылыққа бойсынбайтын тәнді тірі күйде ұстап оны басқаратын рұхани негіз. Ал ар дегеніміз жанды басқаратын жаратушының келбетіне ие жоғары өрелі рұхани негіз. Жан нәпсінің негізі тәнді нәпсілік қағидамен басқарып қанағаттандыр са, ар жанды рұхани негізде басқарып жоғары руханиаттық болмыстармен қанағаттандырады.
Міне осы үш негіз біріккенде адам деген тұлға пайда болады. Сондықтан адам үштік негіз. Ал жануарларда ар болмайды, олар тән мен жаннан жаралған, нәпсінің қағидасымен өмір сүреді, сондықтан олар екілік негіз. Жануарлар секілді кей адамдарда да тумысынан ар болмайды, ал кейбіреулерінде жүре келе арынан яғни рұхынан айырылып рұхсыз қалады. Ондай адамдар тек нәпсілік қағидатпен өмір сүреді, олар таза биороботтар яғни тіріөліктер болып табылады. Ал кей адамдардың ары ауру болады, олар да нәпсілік дүниеге жақын болады. Бұл фәлсафа атамзаманнан бар. Сондықтан аталарымыз «АРМЫСЫҢ?» – деп амандасқан. Ол үш бірлігің толық па? – деп жағдайыңды сұрағаны. «МАЛЫМ ЖАНЫМНЫҢ САДАҚАСЫ, ЖАНЫМ АРЫМНЫҢ САДАҚАСЫ» – дегені де сол ардың адамның негізі екендігінің түсінігі.
Арынан айрылған адам сезімі, түйсігі жоқ тірі өлік яғни биоробот, онда аяушылық, әділеттік, мейірімділік секілді сезімдер болмайды, біреудің аянышты жағдайын немесе әділетсіздікті көре тұра былқ етпейді. Әрине оларды кіналай алмайсың, себебі олар рұхани мүгедек адамдар, яғни тіріөліктер, қазіргінің тілімен айтқанда БИОРОБОТТАР. Биороботтар белгілі жағдайда өсіп-өніп халықтың негізгі бөлігіне айналуы мүмкін, ондай жағдайда сол халық құрып бітуі мүмкін, немесе шетке соғыс ашу арқылы сол биороботтарды пайдаға асыруы мүмкін. Биороботтарды қолдан да жасайды. Қолдан жасалған биоробот МӘҢГҮРТ деп аталады. Мәңгүртке айналған қазақ – өзін қолдан жасаған халықтың биороботы болып табылады. Діни фанатизім де қолдан биоробот жасаудың бір тәсілі. Енді мөлшерлеп көріңіз, халқымыздың қанша бөлігі биоробот екенін.
Биороботтарды азайтудың бірегей жолы бала тәрбиесіне өте мән беру болып, баланы әділеттікке, мейірімдікке, сезімталдыққа, ата жолға дәстүрге, ана тілге тәрбиелеу, бұлар баланың арын шыңдайды. Баланы шынықтырамын деп оны қатыгездікке тәрбиелеуге болмайды. Қатыгездік, мейірімсіздік, әділетсіздік арды жоғалтып биороботқа айналудың ең өнімді жолы. Тәні өлген адам тәннің ауыруын сезбейтіні секілді ары өлген адам қатыгездік пен әділетсіздікті сезбейді.
Сондықтан бар қазақтың бір-бірімен күнделікті "АРМЫСЫҢ? БАРМЫСЫҢ?" -деп амандасып бір-біріне мейірімді, әділетті болғандары жақсы.
Өркен Тоқтарұлы