eGov Mobile мобильді қосымшасына соңғы жылдары ауқымды өзгерістер енгізілді. Ұлттық ақпараттық технологиялар компаниясының баспасөз қызметі өкілдері мобильді қосымша қалай жаңарғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, eGov Mobile мобильді қосымшасының интерфейсі қайта жасалды, навигациясы жетілдірілді, интеллектуалды іздеу мен цифрлық құжаттарға жедел қол жеткізу мүмкіндігі қосылды. Жаңарту көбейіп келе жатқан сұранысқа жауап ретінде іске асырылды – бес жыл ішінде eGov Mobile қолданушыларының саны алты есеге өсіп, 11 миллионнан асты. Ведомство өкілдері тағы қандай жаңартулар болғанын толығырақ айтып берді.
Интеллектуалды іздеу және виртуалды көмекші
Басты жаңалықтардың бірі – интеллектуалды іздеу. Енді сұранысты енгізген сәтте барлық сәйкес нәтиже көрсетіледі: қызметтер мен өмірлік жағдайлар. Іздеу жолағының жанында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін eGov AI виртуалды көмекшісі пайда болды.
eGov AI қосымшаға кіріктірілген және пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтер жөнінде қажетті ақпаратты жылдам табуға көмектеседі. Ол чат форматында жұмыс істейді – сұрақ қойсаңыз, көмекші қарапайым тілмен не істеу керегін түсіндіреді, қажет болса бірден тиісті бөлімге немесе қызметке бағыттайды. Мұндай тәсіл уақытты үнемдеп, навигацияны жеңілдетеді. Іздеу жолағы жанындағы eGov AI белгішесін басу жеткілікті – сол сәтте чат ашылып, бірнеше секунд ішінде жауап алуға болады.
Қауіпсіздік күшейтілді
Жаңарту барысында ақпараттық қауіпсіздікке ерекше мән берілді. Жеке деректерді қорғау деңгейі арттырылды, жүйенің сыртқы қауіптерге төзімділігін жоғарылатуға бағытталған техникалық жетілдірулер енгізілді.
Ыңғайлы навигация
Басты бетте енді ең танымал сервистердің белгішелері көрсетіледі – оның ішінде мемлекеттік қызметтерге жедел қол жеткізу мүмкіндігі де бар. Көзге бірден түсетін жерге орналастырылған eGov логотипі қызметтер каталогына тікелей өтеді. Мұнда барлық қызметтер тақырыптар бойынша реттеліп берілген. Навигация электрондық үкімет және Е-лицензиялау порталы бағыттары бойынша бөлінген. Төменгі бөлікте жаңа мүмкіндіктер жөніндегі қысқаша ақпараттық баннерлер, сондай-ақ ТОП-қызметтер, танымал және ұсынылған қызметтер тізімі орналасқан.
Жаңартылған «Сервистер» бөлімі
Қолданушылар үшін барлық цифрлық сервистер тізімі енді қосымшаның төменгі мәзіріндегі "Сервистер" белгішесі арқылы қолжетімді. Басты беттегі танымал сервистерден бөлек, мұнда барлық қолжетімді құралдар бөлімдер бойынша топтастырылған.
Интерфейсі де ыңғайлырақ болды: әр сервис қасында түйреуіш бейнесіндегі белгіше бар – оны басқанда қызмет автоматты түрде танымалдар тізіміне қосылады. Сондай-ақ негізгі функцияларды қысқаша сипаттайтын баннерлер орналастырылған, бұл қосымша мүмкіндіктерді тезірек игеруге көмектеседі.
Цифрлық құжаттарға жедел қол жеткізу
"Цифрлық құжаттар" бөлімі айтарлықтай жаңартылды. Жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік және өзге де маңызды құжаттар енді басты бетте бірден көрсетіледі – жеке бөлімге кірудің қажеті жоқ. Бұл қажетті құжатты немесе оның түпнұсқалығын тексеруге арналған QR-кодты лезде көрсетуге мүмкіндік береді.
Өмірлік жағдайлар каталогы
Пайдаланушыларға қолайлы болуы үшін өмірлік жағдайлар бойынша жеке каталог енгізілді. Мұнда, мысалы, емханаға тіркелу, құжаттарды қалпына келтіру немесе жүргізуші куәлігін алу тәртібі бойынша кезең-кезеңімен нұсқаулық берілген. Қажетті жағдай таңдалған кезде құрылымдалған ақпарат ашылады: қандай әрекеттерді орындау керек, қайда жүгіну қажет, қай қызметті пайдалану керек және осы жағдайда қандай нормативтік құжаттар қолданылады.
Әр өмірлік жағдай интерактивті сауалнама арқылы толықтырылады. Оның нәтижесі бойынша пайдаланушыға жеке сценарий ұсынылады. Егер ұсынылған шешім сәйкес келмесе, сауалнаманы қайта өтіп, балама нұсқаны алуға болады.
eGov QR қызметінің жетілдірілуі
Енді экранда қызметтің мақсаты туралы түсініктеме көрсетіледі, ал қажет болған жағдайда түнгі уақытта қолдануға ыңғайлы болу үшін экран автоматты түрде жарықтанады.
"Хабарламалар" бөлімін жаңарту
Қызмет мәртебелері, сауалнама нәтижелері және маңызды жаңартулар туралы хабарламалар енді тақырыптар бойынша топтастырылған, бұл қажетті ақпаратты іздеуді жеңілдетеді.
Жеке профильдегі кеңейтілген деректер
Профильде енді жеке мәліметтер, отбасы, денсаулық, еңбек қызметі, айыппұлдар, мүлік және басқа да салаларға қатысты ақпарат көрсетіледі. Сондай-ақ берілген келісімдер тарихы қолжетімді, ал қажетті бөлімге өту айқын және логикалық навигация арқылы жүзеге асады.
eGov Mobile-дың жаңартуы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының бірлескен жұмысының нәтижесі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз