Үкімет Президенттің тапсырмасы аясында нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб құрды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұйрыққа Олжас Бектенов қол қойды. Сондай-ақ, оған Премьер-министр басшылық етеді, басшының орынбасарлары ретінде Премьер-министрдің орынбасары және ішкі істер министрі айқындалды.

Штабтың негізгі міндеті болып мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы тұру жөніндегі іс-қимылын үйлестіру, алдын алу шаралары кешенін жүзеге асыру бойынша тиімді тәсілдер әзірлеу, есірткіге тәуелді адамдардың профилактикасын, емін және оңалту жүйесін жетілдіру жұмыстары айқындалды.

Штаб құрамына Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері, сондай-ақ бірқатар жауапты министрлік басшылары енді.

Премьер-министрдің өкімімен сондай-ақ облыстарда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік штабтар құру көзделген.