Өңірде білім сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында ауқымды реновациялық жоба жүзеге асуда.

Түркістан облысында 2024–2025 оқу жылында 16 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұл — «Келешек мектеп» ұлттық жобасы мен облыстық бюджет есебінен салынып жатқан білім нысандарының бір бөлігі.

Өңірде 115 мектепті қамтитын реновациялық жоба 2025–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асады. Биыл 41 мектепте күрделі жөндеу басталды: оның 6-ы толық жаңартылып, 15-і ағымдағы жөндеуден өтіп, пайдалануға беріледі. Қалған 20 нысан 2026 жылға өтпелі.

Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 17 жаңа білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Олардың ішінде 11 мектеп, 1 жатақхана және 5 қосымша білім беру ұйымы бар.

«Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 22 900 орындық 29 мектептің құрылысы жоспарланған. 2024 жылы 13 мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылы тағы 16 мектеп іске қосылады. Құрылыс нысандарының инженерлік инфрақұрылымы толық қамтамасыз етілген.

Жалпы жаңа оқу жылында өңірде 1093 мектеп оқушыларды қабылдайды. Оның 922-сі мемлекеттік, 171-і жекеменшік. 1–11 сыныптарда 568 мыңға жуық оқушы білім алса, 1-сыныпқа 48 мыңнан астам бала қабылданады деп күтілуде.