Air Astana әуе компаниясының Алматы–Астана бағытындағы рейсі апатқа ұшырай жаздады. Оқиға 12 тамыз күні Балқаш маңында ұшып бара жатқан кезде болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Төтенше жағдай кезінде бортта болған жолаушы Threads желісінде мән-жайды жазды.

«Әуе кемесінің герметизациясы бұзылды. Мен 7 айлық қызым және кенже сіңліммен бірге ұшып келе жаттым. Мұндай сәтте жалғыз жүрген әлдеқайда жеңілірек болар еді. Себебі қасыңда балаң болса, оны қалай қорғайтыныңды ойлайсың. Енді жағдайды баяндасам. Балқашқа жақындап қалған кезде бортсеріктер тамақ таратты. Мен қызымды тамақтандыра бастадым. Бір сәтте бәріміз ұшақтың сілкінгенін байқап, бір-бірімізге алаңдап қарадық. Осы сәтте ұшақ капитаны «төтенше жағдай» деп хабарлады», – деп жазды жолаушы.

Жолаушының сөзінше, ұшақ бір сәтте төменге қарай құлдилай бастаған. Сол сәтте басқа да жолаушылар дұғаларын оқып, жылап, жақындарына қоштасу хабарламаларын қалдырған.

«Адамдар іштей, сыбырлап дұға оқи бастады. Тыныс алу қиындап кетті. Борттағы балалар қатты жылады. Бір кезде қызымды ұстап отыру қиындай бастады, белдігін тағу мүмкін болмады. Өзім де қатты үрейленіп, көз жасымды тия алмай қалдым. Бортсеріктер үстелшелерді жинап, орындықтарды тіктеп, биік өкшелі аяқ киім мен әшекейлерін шешуді сұрады. Бортсеріктер «жерге қонамыз, қатты соққылар болуы мүмкін, тік отырыңыздар» деді. Дүрбелең басталып, жолаушылар жылап, жақындарына қоштасу хабарламаларын жазды. Экипаж қонғаннан кейінгі әрекеттерді, балалардың қалай қорғау керегін түсіндірді», – деп жазды жолаушы.