Роскомнадзор 13 тамызда Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде дауыстық қоңырауларға ішінара шектеу енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл шара құқық қорғау органдары мен азаматтардың көп өтініші негізінде қабылданған. Олардың мәліметінше, бұл сервистер қылмыскерлердің алаяқтық жасау, ақша бопсалау, ресейліктерді диверсиялық және террористік әрекеттерге тарту үшін қолданатын негізгі арналардың біріне айналған.

Пресс-қызмет өкілдері атап өткендей, әңгіме тек қоңырауларға қатысты – мессенджерлердің өзге функцияларына шектеу қою жоспарланбайды.

Telegram өкілдері Роскомнадзор шешіміне түсініктеме бере отырып, платформаның зиянды контентпен, алаяқтықпен, диверсия мен зорлық-зомбылыққа шақырумен белсенді түрде күресіп жатқанын, күн сайын осындай миллиондаған материалды өшіретінін айтты. Сонымен қатар, сервис қоңырауларға қатысты егжей-тегжейлі құпиялық баптауларын алғаш рет енгізгенін, оның көмегімен пайдаланушылар кімнен қоңырау қабылдайтынын немесе мүлдем қабылдамайтынын таңдай алатынын атап өтті.