Шымкент қаласында аурухана қабылдау бөлімінде екі ер адамның арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері келгенімен мекемеде тыныштық сақталмаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жанжал кезінде бір ер адам екіншісіне соққы беріп, салдарынан бас сүйек-ми жарақатын алған. Дәрігерлер зардап шеккен азаматқа шұғыл көмек көрсеткен.

Куәгерлердің айтуынша, алғашқы соққыдан кейін жанжал шығарған ер адам ашуын баса алмай, полиция қызметкеріне де қоқан-лоқы жасаған

Полиция департаменті оқиғаға қатысты күдіктінің ұсталғанын растады.

Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде.