Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

Мемлекет басшысының Каспий теңізі проблемаларын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде "Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты" КеАҚ-қа Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Институт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында құрылды. Атап айтқанда, ҒЗИ-дің қызмет аясына балық қорының көлемін бағалау, оларды сақтау әдістері мен технологияларын әзірлеу, ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау мәселелері кіреді.

Бұдан бөлек, теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеуге және оның деңгейін бақылауға, климаттың өзгеруін және оның экожүйеге әсерін талдауға, судың сапасы, биологиялық алуантүрлілік және Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі мен жағалауының өзге де параметрлері жөніндегі деректерді жинау мен талдауға бағытталған.

Үкімет резервінен бөлінген қаражат институтты одан әрі дамытуға бағытталып, гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақытылы әрі тиімді жүргізуге, сондай-ақ институтқа жүктелген өзге де міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.

Каспий теңізі бірегей экожүйе және су биоресурстарының аса маңызды көзі, сондай-ақ батыс өңірлер мен жалпы еліміздің тұрақты дамуына үлкен үлес қосады.

Каспий теңізінің Қазақстан тарапындағы жағалауының ұзындығы 2 320 шақырым, бұл – барлық Каспий маңы мемлекеттері арасындағы ең ұзын жағалау сызығы.