2024 жылдың күз айларында "У" және "Т" есімді тұлғалар аса ірі мөлшердегі "гашиш" және "кептірілген марихуана" есірткі заттарын өткізу мақсатында жинап, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында орналасқан шаруа қожалыққа жасырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2024 жылы 1 желтоқсанда облыс бойынша ҰҚКД-нің қызметкерлерімен жедел іздестіру-шараларын жүргізу нәтижесінде "У" және "Т" есімді тұлғалар 12,7 кг аса ірі мөлшердегі "гашиш" есірткі затын 1 млн теңгеге өткізу барысында құрықталды.
Сонымен қатар аталған тұлғаларға тиесілі шаруа қожалықтан өсімдік тәріздес заттар салынған 13 дана қаптар тәркіленіп, ішінен жалпы салмағы 185 кг "кептірілген марихуана" есірткі заты табылып алынған.
"Жамбыл облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 23.07.2025 жылғы үкімімен әкесі мен баласы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сақтағаны, тасымалдағаны және өткізгені үшін ҚК 297-бабының 3-бөлігі 1,3 -тармақтарымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды", – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратура органдары ҚК-нің 297-бабының санкциясында есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізгені үшін 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілеу арқылы өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын ескертеді.