2025 жылғы 12 тамызда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі қандас мәртебесін алу үшін қалай өтініш беруге болатынын және оған қажетті құжаттар тізімін жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қандас – Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, бірақ Қазақстанда тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтар және олардың қазақ ұлтына жататын отбасы мүшелері.
Этникалық қазақ – шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ, қазақ ұлтына жататын адам.
Қандас мәртебесін алу немесе ұзарту үшін өтініш беруге болады:
- ХҚКО-да;
- migration.gov.kz порталында;
- электрондық үкімет порталында.
ХҚКО-да қандас мәртебесін алу үшін қажетті құжаттар:
- өтініш;
- еркін формада автобиография;
- өтініш беруші және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын, ұлтын растайтын құжаттардың көшірмелері (қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасымен);
- қоныс аудару мақсатына байланысты басқа да құжаттар көшірмесі (туыстық байланысын растайтын құжат, еңбек шарты, оқу орнынан анықтама және т.б.).
Мәртебе беру туралы өтінішті қарау мерзімі – 30 жұмыс күні.
Оң шешім қабылданған жағдайда этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелеріне қандас куәлігі беріледі. Оның жарамдылық мерзімі – 1 жыл.
Мәртебені ұзарту тәртібі
"Қандас мәртебесін ұзарту туралы өтінішті жергілікті атқарушы органға немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына беруге болады. Өтінішке бұрын берілген қандас куәлігінің көшірмесі қоса тіркеледі", — делінген мемлекеттік корпорация хабарламасында.
Мәртебені ұзарту қызметі 5 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
Қандас мәртебесін тек бір рет, 6 айдан аспайтын мерзімге ұзартуға болады. Құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Бұл мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.