Шымкентте ер адам ауруханадағы науқасқа қол жұмсап, полицияға бағынбаған. Салдарынан зардап шеккендердің бірі жабық бас-ми жарақатын алған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан ер адамның былапыт сөз айтып, науқасты ұрып, полицейді итергені көрінеді. Бұл туралы "ҚазАқпарат" жазды.

Сондай-ақ, ол ұлтаралық араздық тудыруы мүмкін сөздер айтқан.

Қала денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жанжал 9 тамыз түнде № 1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде болған. Пациенттермен бірге келген азаматтар арасында дау шығып, бір адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Оның жағдайы тұрақты. Оқиға жайлы дереу полицияға хабарланған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысы полиция басшылығының бақылауында.