Аян Қорқытұлы Ақтөбе олысының Шалқар ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Он жыл бұрын Ақтөбе облысындағы жергілікті телеарна журналисіне білдірген пікірі түрлі әзілге арқау болған Аян Қорқытұлы Шалқар ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аян Қорқытұлы аталған қызметке тағайындалғанға дейін Шалқар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы міндетін атқарған.
Білімі — жоғары. 2002 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін "Қаржы және несие" мамандығы бойынша, 2015 жылы "Мұнай-газ ісі" мамандығы бойынша, 2020 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Шалқар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып тұрғанда жол мәселесі жайлы сұраққа берген жауабы желіде кеңінен тарап, қызу талқыланған.
Аян Қорқытұлы телеарна тілшісіне аудандағы жол жасалмайтынын жалпыламай тіке айтқан.
"Биыл ештеңе жоқ, дым жоқ, ақша жоқ, жол жөнделмейді" деген еді ол сол кезде. Ол тіпті бір-екі көшені жөндеуге ақша бөлініп, оны қайтып алғанын ашына атап өткен. Кейінгі жауаптарының бірінде "ақша тиген жағдайда мұрын боғын шашыратып істейміз бәрін десе", бір сөзінде "Шалқар чики-чики" деген.
Желі қолданушылары сол кездегі бөлім басшысының сөздеріне түрлі сын айтты.
Біреулер ""мемлекеттік қызметші этикасынан жұрдай" деп сөксе, өзгелері "мәймөңкелемей ашығын бетке айтатын тура адам екен" деп қолдау білдірді.