Бүгін 12 тамыздан 13 тамызға қараған түні Братиславада Қазақстан уақыты бойынша 23:15-те "Қайрат" "Слованға" қарсы алаңға шығады.

Қазақстанда өткен "Қайрат" пен "Слован" арасындағы кездесу жанкүйерлерді екіұдай сезім қалдырды. Бір жағынан, "Қайрат" өз алаңында жеңіске жетіп, маңызды міндетін орындады. Екінші жағынан ойынның соңғы жарты сағаттағы ойыншылар санының басымдығына қарамастан, айтарлықтай ойын көрсете алмады. "Слован" да белсенділік танытпады. Қақпаға бар болғаны бір рет тура соққы жасады. Дегенмен, бұл Словакия командасының бас бапкері Владимир Вайсстың саналы түрде ойынды баяулатып, жауапты матчты өз алаңында шешуге бағытталған тактикасы болуы мүмкін.

Матч соңында "Қайрат" пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды. Дастан Сәтпаев оны салқынқанды түрде голға айналдырды. Бірақ, арада көп уақыт өтпей төреші офсайд үшін алматылықтардың тағы бір голын есепке алмады. Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері минималды жеңіске жеткенімен, бұл көрсеткіш Братиславада жай ғана қорғануға жетпесі анық.

Дайындық тұрғысынан екі команда да тең жағдайда. "Қайрат" демалыс күндеріндегі кездесуін алдын ала өткізіп қойса, "Слован" ел чемпионаты аясында өз матчын қазан айына шегерді. Бүгінгі ойында алаң иелері жартылай қорғаушы Рахим Ибрахим және бас бапкер Владимир Вайссыз алаңға шығады. Екеуі де Алматыдағы ойында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған. Ганалық жартылай тірек қорғаушы командадағы басты ойыншылардың бірі еді. Ал Вайсстың эмоциясы мен қатаң мінезі ойыншыларға ерекше әсер ететін.

Енді бар мәселе Рафаэль Уразбахтиннің тактикасында. Бір голдық басымдық — сенімділікке себеп емес. "Слован" бар күшін салып, есепті теңестіруге және алға шығуға тырысады. Сондықтан "Қайрат" шабуылға шығып, тағы гол соғудың амалын іздеуі керек. Бұл оңай емес, бірақ Жоржиньо мен Дастан Сәтпаевтың шеберлігін пайдалана отырып, қарсыластың қорғанысын бұзып, соққы жасауға болады.

Алдағы матч "Қайрат" тарихындағы ең жауапты сынақтардың бірі. Бұл кездесу Алматыда Чемпиондар лигасының әнұраны шырқала ма, әлде команда тек Еуропа лигасының топтық кезеңін армандаумен қала ма — соны шешеді. Соңғы рет бұл кезеңге қазақстандық клубтың шыққанына бес жыл болды. Ол кезде "Астана" өнер көрсеткен. Егер Уразбахтин батыл шешім қабылдамаса, "Слован" жеңіп, келесі кезеңге өтіп кетуі мүмкін. Ал егер шабуылда сәтті қадам жасалса, "Қайраттың" жеңіске жетуге мүмкіндігі зор.

Айта кетейік, бүгін "Слованмен" өтетін матчпен Дастан Сәтбаевтың туған күні тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ футболының вундеркинд ойыншысы 17 жасқа толды. Ол алматылық клуб сапында 28 ойын өткізіп, 12 гол соғып, 8 нәтижелі пас берген. Бүгінгі ойында да жанкүйерлер Дастаннан көп үміт күтеді.