Өскеменде ақша бопсалау бойынша үстінен бірден төрт іс қозғалған өзін блогер, қоғам қайраткері және құқық қорғаушы ретінде көрсетіп жүрген азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол әлеуметтік желілердегі беделі мен ықпалын жеке бас пайдасы үшін пайдаланып, қасақана ауыр қылмыс – ақша бопсалаған (ҚК 194-бап, 2-б., 3-т.).

Сотта оның 2021 жылғы 14 шілде мен 2024 жылғы 27 мамыр аралығында алты жәбірленушіге қатысты төрт эпизод бойынша бопсалау әрекеттерін жасағаны анықталды.

  1. 2021 жылғы 14 шілдеде К. жәбірленушілер У. мен О-дан отбасылық жанжал көрінісін ұялы телефонға түсіріп, Instagram желісіне жариялаған видеоны өшіру үшін 21 000 теңге талап еткен. Ақша берілген соң видео өшірілген.
  2. 2023 жылғы 6 мамырда К. жәбірленуші Д-ның жүргізуші куәлігі жоқтығын біліп, жол ережесін бұзғаны туралы бейнеролик түсіріп, оны "жариялаймын, жол полициясын шақырамын" деп қорқытып, 140 000 теңге талап еткен. Д. әкімшілік жауапкершіліктен және ақпараттың таралуынан қорқып, талап етілген соманы берген.
  3. 2024 жылғы сәуірде К. мектептерге генераторлардың қымбат бағамен жеткізілуі туралы Instagram парақшасында видео жариялап, құқық қорғау органдарына тексеру жүргізуді ұсынған. Аталған жарияланымды өшіру үшін жәбірленуші Ш-дан 700 000 теңге талап еткен. Ш. ақшаны бергеннен кейін К. видеоны өшіріп, Ш.-ны адал кәсіпкер ретінде сипаттайтын видео жариялаған.
  4. 2024 жылғы 27 мамырда Өскемен қаласының ПБ патрульдік полиция экипажы К-ның бұрынғы жұбайына қатысты жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырған. Осыдан кейін К. полиция қызметкерлері А. мен Д.-ны ұялы телефонға түсіріп, Instagram желісінде оларды қаралайтын видеолар жариялап, "102" арнасына олардың заң бұзғаны туралы хабарламалар жіберген. Ол полиция қызметкерлерінен бұрынғы жұбайының айыппұлын төлеуді, гүл сыйлауды және кешірім сұрауды талап еткен. Аталған талаптарды орындау үшін А. 5000 теңге, Д. 5538 теңге шығын шығарған.

Сот сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кәмелетке толмаған мүгедек баласының болуын, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуін есепке алды. Ауырлататын мән-жай ретінде басқа адамдардың заңды әрекеттеріне өшпенділікпен қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанын таныды.

Сот К.-ны ҚР ҚК 194-бабының 2-бөлігі 3-тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

К.-дан жәбірленушілер Ш., А. және Д.-ның әрқайсысына 500 000 теңгеден моральдық зиян өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында электр энергиясына қатысты ірі көлемдегі қаржылық қылмыс әшкереленгенін жазғанбыз.