Астанада дәрігерлер тоғызыншы қабаттан екінші қабаттың шығыңқы төбесіне құлаған баланың өмірі үшін күресуде. Оқиға куәгері болған оқыс жайтты баянды берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл оқиға туралы астаналық Шыңғыс Түсіпбаев Instagram-дағы жеке парақшасында баяндап, видео жариялады. Оның айтуынша, ол Түркістан көшесіндегі үйлердің бірінің жанына келгенде айқайды естіген.

"Дауыс шыққан жаққа қарасам екінші қабаттың шығыңқы бөлігінде алты жасар бала ес-түссіз, қимылсыз жатыр. Екінші қабаттағы пәтердің терезесінен әйел адам оны бір қолымен ұстап тұр екен, ойы — ары қарай домалап кетпесе деген секілді. Өйткені ол өз-өзіне келіп, қозғала бастапты. Айналадағы адамдар да тез әрекет етті: біреу бала тағы төмен құлаған жағдайда деп көрпе алып келді, тағы үш жігіт пәтерге қарай жүгірді. Кейін екеуінің есімі Абай мен Қыдырәлі екенін білдім, үшіншісінің есімін білмеймін. Мен егер құлаған жағдайда баланы қағып алу үшін төменде дайын тұрдым. Осы сәтте Абай терезеден шығып, баланы күнқағардан көтеріп алды. Осы сәтте жедел жәрдем көлігі де келіп жетті, дәрігерлермен бірге мен пәтерге кірдім. Біз кірген кезде бала есін жиып алыпты, бақырып қатты жылады. Екпе салу кезінде мен баланы ұстап тұрдым", — дейді ер адам.

Оның айтуынша, оқиға кезінде баланың анасы мен ағалары үйде болған.

"Осыдан кейін жедел жәрдем көлігі баланы алып кетті. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін", — дейді оқиға куәгері.

Ол көпқабатты тұрғын үйде тұратын адамдарға балаларының қауіпсіздігі үшін терезеге қорғаныш құралдарын орнатуға кеңес береді.

Айта кетсек, Қызылордада полицейлерден қашқан мас жүргізуші ұсталған болатын.