Мемлекет басшысы Қазақстан кинологтар одағын қазақ тазысының халықаралық деңгейдегі жетістігімен құттықтап, жеделхат жолдады. Жуырда Хельсинкиде өткен «World Dog Show 2025» дүниежүзілік көрмесінде алғаш рет әлемге ресми түрде таныстырылған қазақ тазысы жүлделі орындарға ие болғанын хабарлаған едік. Финляндияда өткен әлем чемпионатының 7 бірдей бас жүлдесін қазақтың асыл тұқымды иттері жеңіп алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кинологтар одағын осы жетістігімен құттықтады. Сонымен бірге тазы мен төбетті ұлттық бренд ретінде кеңінен насихаттау жөнінде тапсырма берді. Мұны Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады. Мемлекет басшысы тазыны «мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі ретінде халықаралық деңгейде толық таныту ортақ міндет екеніне назар аударды» деп жазды ол телеграмдағы арнасында.

Руслан Желдібай, ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы:

Атап айтқанда, тазы тұқымын дамыту және бірегей қасиеттерін сақтау, жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу сияқты бағыттардан тұратын бұл іске Қазақстан кинологтар одағымен қатар мемлекеттік органдар да белсенді атсалысуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев төбет тұқымын да ерекше қамқорлыққа алып, мемлекеттік органдардың қолдауымен дәл осы ауқымда жұмыс атқару міндетін жүктеді.

Данияр Қайыртай