Түркістанда қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткен іс-шарада ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көшпелі кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Абай ескерткіші маңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын тапсырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әр шаңырақта Абайдың кітабы мен мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек екенін айтқан болатын. Сол бастаманы Түркістан облысында іске асыру мақсатында қонақтарға, жастарға «Абай жолы» романы топтастырылған төрт томдық кітаптарды тапсыруды жөн көрдік. Бұл кітапты әр оқыған сайын жаңа дүниелермен танысасың, жаңаша ой түйесің. Жастарымыз да кітапты оқып, Абай өмірінің тереңіне үңіледі деп ойлаймын», деді Нұралхан Көшеров.
Белсенді жастар өңір басшысының рухани мәні бар сыйлығына ризашылықтарын білдіріп, Абай мұрасына адал болатындарын жеткізді. Жалпы, 180 жылдыққа 180 кітап топтамасы шығарылып, жастар мен тұрғындарға үлестірілді. Кітап көрмесінде Абай Құнанбайұлының өмірінен, шығармашылығынан сыр шертетін мағыналы дүниелер ұсынылды. Абай Құнанбайұлы бейнеленген, ерекше шеберлікпен тігілген қабырғаға ілетін кілемше де көпшіліктің қызығушылығын оятты.