10 тамызда Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов "түйе палуан" атағын алды
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
SemeiTV телеарнасының ақпаратынша, Абай облысының Абай ауданында өткен қазақ күресі бойынша жарысқа еліміздің әр өңірінен балуандар жиналды. Додада тараздық «Қазақстан барысы» Ғалымжан Қырықбай, қызылордалық Мақсат Исағабыл, семейлік Дәурен Нұралинов және басқа да халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары бақ сынасты.
Бас жүлде ретінде автомобиль бекітілді. «Түйе палуан» атағы Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғаповқа берілді. Ал, 74 келі салмақ дәрежесінде Жігер Есенұлы жеңімпаз атанды.
Бұған дейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға өз құттықтауын жолдағаны хабарланған. Елордада бір мезетте 5 мыңға жуық оқушы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады. Алматыда қазақтың бас ақыны, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты рәсім өтті. Абай алаңындағы іс-шара мерекелік бағдарламаның басты оқиғасына айналып, оған 5000-нан астам қатысушы жиналды.