Жамбыл облысы Талас ауданында кәмелетке толмаған балалар видеоүндеу жазып, өздерін мәжбүрлі жұмысқа жеккенін, қорлық көріп, соққыға жығылғандарын айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Видео әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін құзырлы органдар дереу әрекет етіп, жасөспірімдерді қауіпті ортадан жедел арада алып шықты. Бүгін аталған мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылғаны белгілі болды.
— Облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін жұмыс тобы мәселені толық анықтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау бойынша зерделеу және тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Зерделеу нәтижесіне сәйкес қосымша ақпарат жолданады. Қазіргі таңда тиісті құзырлы органдармен бірлесіп жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қолға алынды. Көтерілген мәселеге сәйкес осы секілді келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта өңірдегі өзге де білім мекемелері жан-жақты зерделенеді, — деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметі.