Санаулы күн бұрын ғана "Қайрат" клубы еурокубоктағы топтық кезеңнің ойындарын қабылдауға мүмкіндік алған еді. Алайда командаға тағы бір қауіп төнді.
Бүгін, 10 тамызда Дженнифер Лопес Алматының Орталық стадионында өнер көрсетеді. Бұл концерт футбол жанкүйерлерін алаңдатуда. Себебі, Дженнифер Лопестің концертінен кейін Ташкенттегі табиғи төсеніші бар "Бунедкор" стадионында жағдай өте мүшкіл. Өзбек БАҚ-тары алаңды қалпына келтіруге екі айға дейін уақыт кететінін жазады. Елдің футбол федерациясы тіпті Орталық Азия кубогының финалын басқа стадионға көшіруді қарастырып жатыр.
Championat Asia Эр-Риядтағы Kingdom Arena агрономы Стюарт Макчейннен де әлемдік тәжірибе жайлы сұрады. Әдетте алаңды қалпына келтіруге 6–8 апта кетеді. Егер тәжірибе болмаса, газонды бір күнде "жойып" жіберуге болады. Ал дұрыс амал қолданса, бір айда алаңды қалыпқа келтіруге мүмкіндік бар.
Макчейннің айтуынша, уақытша жабындар газонды тек ішінара қорғайды. Ал, оларды алғаннан кейін бүлінген шөпті бірден алып тастап, алаңды тазалап, қайта егу керек. Бұл тез қалпына келтіруге көмектеседі.
Алматыға дейін Джей Лоның концерттері Астанада, Арменияда және Өзбекстанда өткен. Енді кезек Алматыға келді. Орталық аренада да табиғи көгал бар. "Қайрат" футболшылары шоу-бизнестің "құрбанына" айналуы мүмкін. Бұған дейін Ереванда да Джей Ло концертінен кейін елдің басты аренасындағы көгалдың жағдайы да нашарлап кеткен болатын.
Ендігі кезек – Алматы. Стадионымыз кезекті сынақты сәтті өткізе ала ма екен?