Алматыда терезе жумақ болған әйел бесінші қабаттан құлап кете жаздады. Оны құтқарушылар кондиционер конструкциясында салбырап тұрған жерінен аман-есен қауіпсіз жерге алып шықты, деп хабарлайды қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматы Төтенше жағдайлар департаменті Instagram желісіндегі парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 9 тамыз сағат 12:00-де Алматы қаласының ТЖД 112 қызметіне Алғабас ықшам ауданында орналасқан 12 қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында терезе жумақ болған әйелдің оқыс жағдайға тап болып, сыртқы кондиционер кронштейнінде салбырап тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Әйел қолымен терезе жақтауын ұстаған күйде қозғалыссыз тұрған және кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін еді.
Шұғыл түрде ТЖД, өрт сөндіру техникасы, жедел жәрдем, полиция және РОСО құтқарушылары оқиға орнына жіберілді. 112 қызметінің диспетчері әйелді сабыр сақтауға шақырып, орнынан қозғалмауын сұрады.
14-өрт бөлімінің командирі Асқар Ауғанбай дереу арнайы өрт баспалдағын қойып, қарамағындағы құтқарушылар баспалдақпен жоғары көтеріліп әйелге жете алған. Олар әйелді аман-есен жерге түсіріп, дәрігерлерге тапсырды. Абырой болғанда әйел ауыр жарақат алмады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз