Қазақстан мен Сербия үкіметтері Транскаспий халықаралық көлік бағытын Еуропаға, оның ішінде Сербияға қарай ұзарту мүмкіндігін зерттеп жатыр .
Сондай-ақ биыл Астана мен Белград арасында тікелей әуе қатынасы ашылады. Оны SCAT әуе компаниясы жүзеге асырады. Бағыттың тартымдылығын арттыру үшін әуе жолын Белградтан Марокко, Тунис, Барселона мен Ларнакаға дейін ұзарту туралы келісім жасалып жатыр. Бұл туралы Алматыда өткен қазақстандық-сербтік Үкіметаралық комиссиясының 4 отырысында айтылды. Тараптар осы жылы Сербияға сауда-экономикалық миссия ұйымдастырмақ. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең перспективалық бағыты сауда мен көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм, ғылым, биотехнология, білім мен мәдениет екенін атап өтті. Жыл басында Қазақстан мен Сербия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімінің айналымы 4 млн АҚШ долларына жетті. Бұл 1,5 есе көп. Елімізден астық және бұршақ дақылы, өсімдік майы, балық, ет пен сүт өнімі экспортталады. Үкіметаралық комиссияның келесі отырысы 2026 жылы Сербияда өтеді.