Бұған дейін олардың Газаны жаппай оккупациялауды жоспарлап отырғанын жазған едік.

Енді Израильдің қауіпсіздік кабинеті премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың шешімін бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл – Нетаньяху мәлімдеген анклавтың барлық аумағын оккупациялауға қатысты жоспардың бірінші кезеңі. Ол Fox News телеарнасына Газа секторын уақытша толық бақылауға алу ниеті барын жасырмай айтқан-ды.

Шыны керек, Израиль әскері қазір Газаның 75 пайыз аумағын уысында ұстап отыр. Times of Israel басылымы Газа қаласында жүргізілетін операция аумақта жаппай эвакуациялауды қажет ететінін жазды.

– Израильдің қорғаныс армиясы әскери әрекеттер жүріп жатқан жерден басқа аумақта гуманитарлық көмекті жүзеге асыра отырып, Газа қаласына бақылау орнатуға тырысатын болады, – делінген Нетаньяху кеңсесінің қауіпсіздік кабинеті қорытынды мәлімдемесінде.

Мәлімдемеде "соғысты тоқтату" туралы ұстанымдар да көрсетілген.

Олар:

  • ХАМАС-ты қарусыздандыру;
  • Кепілдіктегі барлық адамды қайтару (өлгендерін де, тірілерін де);
  • Газа секторын демилитариязациялау;
  • ХАМАС-қа да Палестина автономиясына да қатысы жоқ баламалы үкімет құру.

CNN телеарнасына берген сұхбатында Нетаньяху секторды басқару уақытша әкімшілікке берілетінін айтқан.

Бірнеше күн бұрын Газа секторындағы соңғы сұмдық статистикалық деректерді жариялаған едік.