Тәртіп сақшыларының тоқтау туралы заңды талабына бағынбай, ол жасырынуға тырысқан.

Жамбыл облысында полицейлердің қырағылығының арқасында күдікті ұсталып, қылмыстық іс бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Жаңатас қаласында патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары Audi көлігін байқаған. Жүргізушінің күмәнді әрекеттері полиция назарын аударған. Тәртіп сақшыларының тоқтау туралы заңды талабына бағынбай, ол жасырынуға тырысқан.

– Полиция қызметкерлері дереу қуғын ұйымдастырып, нәтижесінде көлік тоқтатылып, жүргізуші ұсталды. Қуғын кезінде күдікті қолындағы күмән тудыратын заттан құтылмақ болған. Алайда полиция бұл әрекетті байқап қалып, оқиға орнынан 16 калибрлі қосауыз мылтықтың шолақ нұсқасын (обрез) тапты, — деп мәлімдеді департаменттен.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Табылған қару сараптамаға жіберілді. Қазіргі таңда күдіктінің Сарысу және көршілес аудандарда жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.