2025 жылғы 1 тамызда танымал әнші Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайберген 24 жасында ұзатылды. Жас жұбайларға ізгі тілек жазған жұрттың ақжарма құттықтаулары әлеуметтік желіні толтырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Арада бірнеше күн өткен соң, 7 тамызда Раушанның анасы, әнші Светлана Айтбаева желіде арнайы алғыс айтып, жазба жариялады.

Ол қазақстандықтарға ризашылығын білдіріп, былай деді:

"Ардақты ағайын! Бірнеше күннен бері сіздердің ақжарма тілектеріңізді оқып, қуанып отырмыз. Біздің отбасымызға деген ілтипаттарыңыз, ықылас-пейілдеріңіз үшін айтар алғысымыз шексіз! Баршаңыздың амандықтарыңызды тілейміз!"

Светлана Айтбаева өз жазбасында Раушанның отбасының еркесі болғанын, әжесінің мейіріміне, әкесінің қамқорлығына бөленіп өскенін ерекше атап өтті.

"Екі бауырының ортасында еркелеп өскен Раушантайымыздың да ұясынан ұшар сәті жетіпті. Ата-әжесінің мейіріміне шомылып бой жеткен, Әкесінің қызғалдағы бүгін өз жұртының табалдырығын аттады, қадамы құтты болғай!", — деді ол.

Ұзату тойы қазақы салт-дәстүрмен өткен. Жас жұбайлар төрт ай бұрын құда түсіп, сырға салған. Айтбаева бұл қуаныштың ерекше толқыныс тудырғанын жасырмады.

"Қыз – қонақ дегеннің растығына бүгін көзіміз жеткендей. Күні кеше дүниеге келген балапанымыз қанатын қағып, үлкен өмірге құлашын жайып аттанды. 4 ай бұрын құда түсіп, сырға салған қызымызды сән-салтанатымен, ата салттан асып кетпей, әжелерінің ақылымен, міне, енді ғана ұзаттық. Жолы болғай дейміз!", — деп жазды әншінің анасы.

Тойдың үзінділері әлеуметтік желілерде тараған соң, қолданушылар тарапынан пікір мен сұрақтар көбейе түскен. Светлана Айтбаева бұл реакцияға да алғыс білдірді.

"Көпшілігіңіз тойдың үзінділерін әлеуметтік желі арқылы көріп, оң пікір айтып жатырсыздар, сұрақтар да қойылып жатыр, көп рахмет! Тойдағы көңілдеріңізге ұнаған сәттер туралы кейінірек толық айтып беруге тырысамын. Жақсылықпен жолығайық!", — деді ол.