Талдықорғанда 23 жастағы тұрғыннан 220 грамнан астам мефедрон тәркіленді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Түнгі уақытта Талдықорған қаласында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шара барысында синтетикалық есірткі затын таратты деген күдікпен 23 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
Тінту кезінде оның шалбарының қалтасынан көк изолентамен оралған үш дана Zip-Lock пакет табылып, тәркіленді. Пакеттердің ішінде ашық түсті ұнтақ зат болған.
Кейіннен күдіктінің тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде жатын бөлмесіндегі шкафтан дәл осындай тағы 101 пакет анықталды. Олар көк, қара, сары және жасыл түсті изолентамен оралған. Барлығының ішінен де ұнтақ тәрізді заттар табылды.
Сараптама қорытындысы бұл заттардың синтетикалық есірткі — мефедрон екенін көрсетті. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 223 граммды құрады. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында улы заттың айналымға түсуіне жол берілмеді.
Күдіктінің айтуынша, ол Instagram желісіндегі хабарландыру арқылы есірткі жасырушы ретінде жұмысқа орналасқан. Telegram мессенджері арқылы байланыс орнатқан кураторының нұсқауы бойынша, Талдықорған аумағында синтетикалық заттарды жасырын топтамалар түрінде таратып отырған. Әрбір жасырғаны үшін 1 300 теңге көлемінде ақы алып келген.
Тергеу барысында күдіктінің отбасылы екені – әйелі мен кәмелетке толмаған баласы бары анықталды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, іс материалдары сотқа жолданды.