Алматыда еліміздің әр өңірінен келген ауыл командаларының қатысуымен балаларға арналған футбол турнирі өтті. Бұл шара жас таланттарды анықтап, оларды кәсіби мамандардың назарына ұсынуға бағытталған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 16 ауылдық команда Алматыда алғаш рет Halyk Open Golden Kids атты балалар турнирінде бас қосты.
Турнир елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшыларды жинап, нағыз футбол думанына айналды: алаңдағы тартыс, трибунадағы ата-аналардың толқынысы және болашақ жұлдыздарды іздеуге арнайы келген "Қайрат" клубының кәсіби скауттарының назары — бәрі де бұл шараның ерекше маңызын айқындап тұрды.
"Басты мақсат – ауыл балаларына үлкен алаңда өздерін көрсетуге мүмкіндік беру", — дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбет.
"Ауыл футболы тұйық жол емес, үлкен аренаға бастар трамплин болуы керек" деп толықтырды ол.
Турнирге арнайы келген құрметті қонақтардың қатарында қазақ футболының аңызы – Құралбек Ордабаев пен Ваит Талғаев болды. Олар ойындарды тамашалап, жас футболшыларға қолдау көрсетті.
Турнир қалай өтті?
Командалар 4 топқа бөлініп, әрқайсында 4 командадан ойнады. Кейін – плей-офф, медаль үшін тартыс және ең басты – әр ойыншыға жеке назар.
Жоба аясында алғаш рет әр матчтағы үздік ойыншылар арнайы марапатталды. Барлығы 32 ойын өтіп, нәтижесінде 32 жеке марапат табысталды. Сондай-ақ, скауттар таңдаған 12 үздік ойыншыдан символды құрам жасақталды. Олар да қордың бағалы сыйлықтарына ие болды.
Турнир қаһармандары мен жеңімпаздары
- Чемпион – "Намыс – Қызылтөбе" (Маңғыстау облысы)
- Күміс жүлде – RedSapsans (Алматы облысы)
- Қола жүлде – "Іле Сәулет" (Алматы облысы)
- Ең жас ойыншы – Сейдахмет Ахмет (2014 ж.т.)
- Турнирдің "Алтын добы" – Абзал Баймұхан
Ұйымдастырушылар турнир жылына екі рет өтетінін мәлімдеді. Оның мақсаты – ауыл балаларына бапкерлер мен мамандардың назарына ілігетін мүмкіндіктерді барынша көбейту.