Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына жасалған қастандыққа қатысты куәгерлер сотта жауап берді.

Олардың арасында Руслан Берденовтың жүргізушісі Мейрамбек Қалымбетов те бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін сотталушы Ернар Жиенбайдың шенеунікке 5 рет оқ атқаны белгілі болды. Ал кеше әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялаған әкім орынбасары "Бүгінде денемде аңшы мылтығының 60-тан көп қорғасын оғы әлі де бар. Бұл – құжатпен расталған факт" деген болатын.

– Есімді жиған соң, әлгі адамның (Е.Жиенбайды айтады) көліктің сол жағында тұрып, оқ атып жатқанын көрдім. Көлік өздігінен жүріп барып, жиекке тоқтады. Мен шыққан кезде олар төбелесіп жатты. Қайтадан көлікке отырып, рөлді бұрып Жиенбайды соқтым. Өйткені, "Руслан Берденовты өлтіріп қоюы мүмкін" деп ойладым. Соққаннан кейін ол құлап, кейін қайтадан тұрып, қаша жөнелді, – деді оқиғаны еске алған көлік жүргізушісі М.Қалымбетов.

Куәгерлер арасында Руслан Берденовке алғашқы медициналық көмек көрсеткен екі қыз да бар. Олар жабылып шенеуніктен аққан қанды тоқтатуға тырысқан.

Олардың сөзінше, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары сол уақытта дұға оқып жатқан.

Кеше Руслан Берденов сотталушы Ернар Жиенбайдың мәлімдемесін жоққа шығарған еді.