Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл мемлекеттік грантқа іліге алмаған түлектерге үндеу жолдап, басқа да білім алуға мүмкіндік беретін жолдарды қарастыруға шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министр Telegram-арнасында жариялаған жазбасында 77 мыңнан астам талапкердің грант иегері атанғанын айтып, оқуға түсе алмағандарға арнайы гранттар мен жеңілдіктердің бар екенін еске салды.

"Егер сіз биыл мемлекеттік білім грантына іліге алмаған болсаңыз – бұл үміттің үзілгені емес! Грант – тек бір мүмкіндік. Ал сіздің бойыңыздағы талап, білімге деген құштарлық пен табандылық – нағыз жетістікке бастар басты күш", — деді Саясат Нұрбек.

Министр биылғы білім гранттары конкурсына өткен жылмен салыстырғанда 9 мың талапкерге артық өтініш түскенін атап өтті. Оның айтуынша, бәсекелестіктің жоғары болғанына қарамастан, білім алуға мүмкіндік беретін өзге жолдар аз емес.

Ол атап өткен баламалы мүмкіндіктер қатарына:

  • Университетішілік ректор гранттары – үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы ескерілген талапкерлерге арналған;
  • Жергілікті әкімдік гранттары – аймақтардағы сұранысқа ие мамандықтарға бөлінетін;
  • Жұмыс берушілердің арнайы гранттары – ЖОО мен компаниялар арасындағы келісім арқылы ұсынылатын;
  • Жеке демеушілер мен қорлардың гранттары – "Қазақстан халқына", KAZENERGY, “Қазатомөнеркәсіп” секілді ұйымдар ұсынатын қолдау.

Сондай-ақ министр кейбір талапкерлердің гранттан бас тартуы мүмкін екенін және сол кезде кезек келесі үміткерге берілетінін айтты. Бұдан бөлек, ақылы бөлімде оқуды бастап, кейін үлгеріміне қарай бос грантқа өту мүмкіндігі де бар екенін еске салды.

Министр Саясат Нұрбек түлектерге қай жағдайда да білім алуға ұмтылуды тоқтатпауға кеңес беріп, "Сіздің арманыңыз – сіздің болашағыңыз. Ол жолда қолдау мен мүмкіндік әрдайым табылады!" деп түйіндеді.

Еске салайық, 2025 жылғы 7 тамызда Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлерінің тізімін жариялады.