Алматы қаласы Әуезов ауданының полиция қызметкерлері зейнеткерге қатысты жасалған алаяқтық дерегін ашты.
Анықталғандай, 1986 жылы туған күдікті жәбірленушімен бұрыннан таныс болған және оның сеніміне кіріп, қулығын іске асырған. Ол шынайы ақша орнына сыртқы көрінісі шынайы банкноттарға ұқсайтын сувенирлік купюраларды берген.
Қылмыс мұқият жоспарланғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында күдікті анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
"Алаяқтық, әсіресе егде жастағы адамдарға қатысты жасалса — бұл өте ауыр қылмыс. Қызметкерлеріміз жедел әрекет етті, күдікті қолға түсті. Осы жағдайға байланысты азаматтарды, әсіресе зейнеткерлерді, барынша сақ болуға шақырамын. Таныс көрінген адамдарға да сене бермеңіздер, ақпаратты міндетті түрде тексеріңіздер және полициядан көмек сұраудан тартынбаңыздар", — деді, Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Полиция азаматтарға мынадай ескерту жасайды: бейтаныс адамдарға ақша немесе бағалы заттар бермеңіздер, кепілді келісімдер мен қаржылық ұсыныстарға сенбеңіздер. Егер сізде немесе жақындарыңызда күдік туса, бірден полицияға жүгініңіздер.