Айтыскер ақын, медиа менеджер Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желіге қатысты күтпеген мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіге де Алланың атымен дұға жасап кіру керек.
”Құранда тек қана “зина жасамаңдар” деп келмейді, “зинаға жоламаңдар” дейді. “Жоламаңдар” деген анау көзқарастан басталады. Мысалы, әлеуметтік желіде қыз бала отыр. Қандай да бір жігіттің жақсы посты шығып қалды. Соған лайк бассаң да болады, баспасаң да болады. Бассаң — қадам бастың. Сен лайк бассаң жоқсың, қадам бастың. Немесе ер жігіт әдемі бір қыздың фотосын көріп қалды. Лайк бассаң — жүрекке мөр бастың, яғни ол қыз туралы сәл де болса реакция көрсеттің. Инстаграмның алгоритмінің өзі сен лайк басқаннан кейін сол қызды немесе сондай қыздарды жайлап саған шығара бастайды. Көрдіңіз бе? Сонда адам біріншң жамандық, теріс жол туралы ойламайды. Мүмкін кейбір теріс жол лайктан басталады. Лайк сені лайық қылады да ар жаққа. Сол себепті, әлеуметтік желіде отырған кезде “дұғамен кіру керек” деп ойлаймын өзім. Себебі, базарға кіргенде “қате сауда жасап қоймайын, нәпсіге еріп, керек емес нәрсе алып қоймайын” — деп, “мына дүние мүліктің иесі Алла” дегендей дұғамен кіресіздер. Немесе ерлі-зайыптылар да бір бөлмеде қалғанда дұғасын оқиды. Ал әлеуметтік желі деген ол базардан да, ерлі-зайыптылық қарым-қатынастан да кең үлкен бір әлем ғой. Сондықтан әлеуметтік желіге кіретін кезде “Бісміллә, мына кіріп бара жатқан инстаграмымды, тик тогымды қайырлы қыл, берекелі болсын мен үшін. Ал, бісміллә” — деп Алланың атымен кіру керек шығар. Алла сені сақтау үшін”, — дейді ол.