Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1949-2010 жылдар аралығында туған Қазақстан азаматтарына 70 000 теңге көлемінде төлем жасалады деген ақпарат тарап жатыр.

Бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Қаражат алу үшін белгісіз тұлғалар азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтуді ұсынады. Алайда, уәде етілген төлем түрі мемлекет тарапынан қарастырылмаған.

Министрліктің хабарлауынша, мұндай сілтемелер алаяқтар тарапынан жеке деректерді жинау үшін пайдаланылуы мүмкін.

"Мемлекеттік органдар азаматтарды мұндай ақпаратқа сенбеуге және сілтемелерге өтпеуге шақырады. Ресми мәліметтерге сәйкес, әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабарламалар тек 1414 нөмірінен жіберілетін SMS арқылы таратылады", – делінген ресми хабарламада.