Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында екі ауыл тұрғыны заңсыз қару және есірткі заттарын сақтағаны үшін ұсталды деп хабарлайды Egemen.kz.
Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Сырым аудандық полиция қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сырым ауданының ауылдарының бірінің екі тұрғыны заңсыз қару мен есірткі заттарын сақтағаны үшін ұсталған.
Күдіктілердің тұрғын үйлеріне жүргізілген тінту барысында бір күдіктіден тіркелмеген аңшы мылтығы, оқ-дәрілер және жасыл түсті, ұнтақталған өсімдік тектес (есірткі затына ұқсас) 500 грамнан астам зат, қолданылған 6 шприц пен пластик бөтелке (бұлар есірткі қолдануға арналған болуы мүмкін) табылса, екінші күдіктінің үйінен газетке оралған өсімдік тектес зат, ауласынан үш пакет өсімдік тектес зат, өсімдік заты бар үш шприц, есірткіні дайындауға және тұтынуға арналған арнайы құрылғылар шыққан.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық тәркіленген заттарға сот-химиялық және баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта есірткі заттарының шығу көзін анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр» деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан облысы