Өзбекстан бокс федерациясы Халықаралық тестілеу агенттігінің (ITA) өзбек боксшысы, 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Лазизбек Муллажоновтың допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылды деген шешімімен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Федерацияның айтуынша, спортшының ағзасынан табылған зат оның 2024 жылдың қарашасында шаш трансплантациясына байланысты алған ем-дом шараларынан болуы мүмкін.

«Лазизбек Муллажонов спорттық мансабында допингке қатысты барлық ережелерді қатаң сақтап келген. Бұған дейін тапсырған допинг сынамалары таза болды. 19 қарашада ол Ферғана қаласында шаш ектіріп, ем-дом қабылдаған. Сол кезеңде қолданылған кейбір препараттардың құрамында тыйым салынған зат болуы ықтимал», – делінген ресми мәлімдемеде.

Федерация Халықаралық тестілеу агенттігіне барлық қажетті құжаттарды тапсырғанын айтып, қазір спортшының тағдыры бойынша ресми шешімді күтуде.

Сондай-ақ, ұйым Лазизбек Муллажоновтың Олимпиададағы алтын медалі тартып алынады деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл жағдай Париж Олимпиадасының нәтижесіне еш әсер етпейді. Алтын медаль спортшыда қалады», — деп жазды Өзбекстан бокс федерациясы Instagram парақшасында.