Америка президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуге табаны тиді.
Ол Путиннің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен жолықты деген ақпарат бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қос елдің арнайы өкілінің Кремль саябағында жүргенін Ресейдің мемлекеттік телеарналары қалт жібермей, кадрға іліктірген.
Таңертең Мәскеу әуежайына ұшағы қонған Стив Уиткоффт бүгін Владимир Путинмен кездесуі мүмкін.
Десе де, Кремль тарапы мұндай болжамды әлі растамады, жоққа да шығарған жоқ.
Еске салайық, АҚШ арнайы өкілінің Мәскеуге ат басын бұруы Дональд Трамптың Ресейге атысты тоқтату туралы ультиматумы аяқталар сәтімен тұспа-тұс келіп тұр. Трамптың Кремльге 8 тамызға дейін ғана уақыт бергені әлемдік БАҚ-қа белгілі. Америка егер атысты тоқтатпаса, Ресеймен сауда-саттық жасайтын елдердің тауарларына жүз пайыздық баж салығын салатынын қатаң ескерткен-ді.
Трамп бұған қатысты түпкілікті шешім Уиткофф Мәскеуден қайтқан соң ғана қабылданатынын жеткізді.
– Кейінгі 5 айда 5 соғысты тоқтаттым. Алтыншысы осы боларын қалап едім, – деді ол тілшілерге.
Айталық, АҚШ Ресей мен Украинадан атысты ешқандай шартсыз тоқтатуды қалайды және талап етеді.
Мұндай шешімді Украина президенті Владимир Зеленский де қоштайды. Бірақ, Ресей атысты тоқтату үшін бірқатар талабымен көзге түсіп отыр. Оның бірі – соғыс тоқтағанда Украинаға қару-жарақ жеткізбеу.
Бұған дейін Трамп Ресейдің тағы бір осал тұсын тапқанын айтқан еді.