Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сауд Арабиясы Корольдігінің ресми делегациясымен кездесу өткізді. Кездесу ғылым, технология және инновация салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту аясында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, министр Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ғылым мен жоғары білім жүйесіндегі стратегиялық реформалармен таныстырды. Ол зерттеу инфрақұрылымын дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және технологиялық стартаптар үшін қолайлы экожүйе қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар екі елдің инвесторларының қатысуымен бірлескен венчурлық қор құру мүмкіндігін, венчурлық қаржыландыру тетіктерін дамыту және технологиялық стартаптарды қолдаудың заманауи құралдарын енгізу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қазақстандық инновациялық компанияларды Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) елдерінің нарығына шығару бойынша стратегиялық қадамдарға ерекше назар аударылды, — делінген мәліметте.

Кездесу қатысушылары ғылыми-технологиялық серіктестікті тереңдетуге өзара қызығушылық білдіріп, алдағы уақытта нақты бастамаларды бірлесе пысықтауға келісті.