42,2 тонна тауық төс еті Қазақстан арқылы құс шаруашылығы өнімдерін транзиттеу бойынша қолданыстағы шектеулерді бұзғаны үшін Қытайға кері қайтарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2025 жылғы 6 тамызда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді:

Жетісу облысы Панфилов ауданындағы "Нұр-Жолы" ветеринариялық бақылау бекетінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері Қытай Халық Республикасынан Түрікменстанға бағытталған, терісі мен сүйегі алынған 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді.

Аталған жүк Қазақстан Республикасында құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты қолданыстағы уақытша шектеулерді бұза отырып тасымалданған. Бұл шектеулер тірі құсқа, инкубациялық жұмыртқаларға, мамық пен қауырсынға, кемінде 70°C температурада термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерге, құсқа арналған жем мен жемдік қоспаларға (микробиологиялық және химиялық жолмен алынған қоспалардан басқа), сондай-ақ пайдаланылған құс ұстауға, союға және өңдеуге арналған жабдықтарға қатысты.

Құқық бұзушы — жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Өнімнің толық партиясы шыққан еліне — Қытай Халық Республикасына кері қайтарылды.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар мен шектеулерді қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.