Пойызға кешігіп қалған жолаушыларға билет құнының бір бөлігін қалай қайтарып алуға болатыны туралы "Жолаушылар тасымалы" компаниясының өкілдері айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жолаушылардың пойызға кешігіп қалуы – жиі кездесетін қолайсыз жағдайлардың бірі. "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойызға кешігіп қалған жағдайда қандай шара қабылдау қажет екенін мәлім етті.
Компанияның баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, алдымен вокзалдағы билет кассасына барып, жағдайды кассирге хабарлау қажет. Егер жолаушы пойызға үлгермей қалса, билет құнын жартылай қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Алайда бұл рәсімді пойыз билетте көрсетілген станциядан жөнелтілген сәттен бастап бір сағат ішінде орындау керек.
Қайтару рәсімін жүзеге асыру үшін жеке куәлік пен билетті ұсыну қажет. Кассир тиісті құжаттарды рәсімдеп, егер орын болса, келесі пойызға отырудың балама нұсқаларын ұсына алады
Билет құнын қайтару мөлшері мен мерзімі жолаушыларды, жүк пен багажды, сондай-ақ пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес белгіленеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз