Маңызды бағыттардың бірі – логистика және қойма инфрақұрылымын дамыту, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматыдағы электрондық сауда көлемі 5,3 трлн теңге болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 42% жоғары. Оның ішінде 3 трлн теңгесі тауарлардың бөлшек саудасына, 2,3 трлн теңге онлайн қызмет көрсетуге тиесілі.
– Алматының республика бойынша онлайн саудадағы үлесі 90%-дан асып отыр. Қалада 1500-ден астам белсенді электрондық коммерция субъектісі жұмыс істейді, бұл ел аумағында тіркелгендердің шамамен жартысы. Негізгі бағыттарға күнделікті тұтынатын тауарлар, техника, киім-кешек, косметика, сондай-ақ, жеткізу, көлік және брондау салаларындағы қызметтер жатады, – делінген хабарламада.
Қалада электрондық саудаға бейімделген тарату орталықтары іске қосылып, ірі логистикалық нысандардың құрылысы құрылысы қарқын алып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, онлайн тапсырыс қабылдау мен жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Алматыдағы 59 базардың 41-і жаңартудан өткен. Бұл нысандарда цифрлық сауда жүйесі енгізіліп, тұрақты интернет желісі тартылып, сақтау, логистика және қолма-қол ақшасыз төлем аймақтары жүйеленіп келеді. 10 мыңнан астам сатушы дәстүрлі сауда тәсілін онлайн форматпен сәтті ұштастырып отыр.
Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау шаралары талқыланды. Шаһарда цифрлық дағдыны дамыту, халықаралық платформалармен жұмыс істеуді үйрету және онлайн арналар арқылы шикізаттық емес өнімді экспорттауға бағытталған білім және кеңес беру бағдарламалары жүзеге асырылып отыр.