Әлеуметтік желілерде қант диабетімен ауыратын пациенттердің медициналық көмек пен дәрі-дәрмектерге қол жеткізу мүмкіндігі шектеледі деген хабарлар тарап жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда қант диабеті диагнозы қойылған диспансерлік есепте 535 мыңнан астам адам, оның ішінде 5 625 бала тұр. Бүгінде олардың барлығы тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған.

Мемлекет қант диабеті диагнозы қойылған әр науқасқа жағдайдың ауырлығына байланысты жылына 618 теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін жұмсайды.

«Барлық мұқтаж адамдарды қамтамасыз ету және өсіп келе жатқан қажеттіліктерді жабу үшін келесі жылдың қаңтар айынан бастап қант диабеті кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл тұрақты және уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қант диабетімен ауыратын пациенттердің 96%-ы МӘМС жүйесімен қамтылған. Балаларға, зейнеткерлерге, жүкті әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға және басқа да осал топтарға мемлекет сақтандыру төлейді», делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер тізбесін жаңартты. Енді тиімділігі дәлелденген препараттар ғана қалады. Жаңа буын инсулині — деглудекке қолжетімділік кеңейіп келеді, ол қазір пациенттердің барлық санатына, соның ішінде жүкті әйелдер мен балаларға да қолжетімді болады.

Осылайша, Қант диабеті мыңдаған қазақстандықтардың өміріне әсер ететін аурулардың бірі ретінде әрдайым мемлекеттің ерекше бақылауында қалады.