2025 жылғы 5 тамызда Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев үкіметтегі брифинг барысында АҚШ-тың Қазақстан тауарларына енгізген жаңа баж салығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Журналистер АҚШ тарапынан енгізілген санкцияларға байланысты Қазақстан қаншалықты зардап шегуі мүмкін екенін сұрады.
"Әңгіме мынада: шартты түрде айтқанда, қақтығысушы тарапты қолдайтын елдерге қатысты қосымша кедендік баж салығы енгізілетіні алдын ала хабарланған еді. Біз мұндай санкцияларға, соның ішінде екінші деңгейлі санкцияларға қатысты ештеңе жоспарлап отырған жоқпыз. Біз өзіміздің ешқандай міндеттемелерімізді немесе ойын ережелерін бұзып жатқан жоқпыз. Мониторинг пен салыстырып отыру жүйелі түрде жүргізіліп келеді – біз әріптестерімізбен экспорттық бақылау бойынша міндеттемелеріміздің қалай орындалып жатқанын қадағалап отырамыз. Сондықтан бұл – ақпараттық хатта айтылған және президент Трамптың жарлығымен енгізілген 25 пайыздық баж салығы туралы әңгіме", – деді Шаккалиев.
Министрдің айтуынша, осы жарлыққа тіркелген қазақстандық экспорттың 95 пайызы бұл баж салығына жатпайды.
"Ал де-факто баж салығына ілігуі мүмкін тауарларға келсек – бұл нақты позициялар: ферросилиций, фосфор өнімдері. Жалпы алғанда, бұл біздің экспорттың 4,5 пайызы – шамамен 100 миллион доллар. Біз өз тарапымыздан ұсыныстарымызды жолдадық – бұл келіссөздер үдерісі. Жалпы, кедендік баж салығына қатысты айтатын болсақ, бізде ДСҰ-ның (Дүниежүзілік сауда ұйымының) ережелері бар. Мұның бәрі алдын ала келісілген, ал қазіргі жағдай – халықаралық міндеттемелердің бұзылуымен сипатталатын мүлде стандартты емес жағдай. Сондықтан біз де стандартты емес әрекет етудеміз – біз нақты шаралар ұсынып отырмыз, олар кері шегінуге емес, сауда айналымын тереңдетуге және кеңейтуге бағытталған", – деді Шаккалиев.
Оның айтуынша, бұл жоғалуы мүмкін кірістер 4,5 пайыздан аспайды.
"Бұл өнім енді мүлде жеткізілмейді деген сөз емес. Бірақ сәуірмен салыстырғанда тауарлар 15 пайызға қымбаттайды. Бұл дегеніміз – ұзақ жылдар бойы осы өнімді сатып алып келген америкалық тұтынушы енді 25 пайызға қымбат төлейді деген сөз. Біз бұл туралы әріптестерімізге айтып, нақты ұсыныстарымызды жеткіздік. Бірінші кезең өтті, кездесу болды, оларда біздің ұсыныстарымыз бар, пікірлері де бар. Қазір біз үдеріс үстіндеміз. Ұстанымымызды қалыптастыруда біз стратегиялық мүдделерімізден шығамыз және мына нәрсені ескеруіміз керек: 100 миллион доллар көлеміндегі өнімнің 4,5–4,8 пайызы бойынша баж салығы америкалық тұтынушы үшін шамамен 25 миллион доллар қосымша шығын болады", – деп атап өтті министр.
2025 жылғы 1 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстаннан келетін тауарларға 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізгені белгілі болды.