2025 жылдың 5 тамызындағы үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ана мен бала өлімімен қалай күресетінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы биылғы жылдың басынан бері республика бойынша 44 медициналық ұйымда ана мен бала өлімі көрсеткіші бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенін хабарлады. Атап айтқанда, Жамбыл және Ақмола облыстарындағы перзентхана мекемелерінде ауқымды тексерулер жүргізілуде.

"Қыркүйек айынан бастап Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті қадағалау функциясын жүзеге асырады – сертификаты болмаған жағдайда лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және маманды жұмыстан шығару, пациенттерді қолдау қызметі мен біліктілік талаптары да күшейтіледі. Медициналық көмектің сапасын өңірлік басқарудың тиімділігін арттыру үшін сапа көрсеткіштері KPI-ге енгізілді", – деді Ақмарал Әлназарова.

Халықаралық стандарттарды ескере отырып, аккредиттеу жүйесі де жетілдірілуде.

Бұған дейін Ақмарал Әлназарова ана өлімі жоғары өңірлерді атаған болатын.