Өзін жазушы, психолог деп таныстыратын Шолпан Тоқтархан әлеуметтік желідегі парақшасында мешіттің айналасында жүретін қайыршылар туралы жазба жариялады.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Елордадағы мешіттердің бірінді келеңсіз жағдайға тап болған ол қайыршылардың “ішкі ережесі” 90 жылдарға ұқсайтынын айтады.
“Өткен жұмада Астананың бір мешітіне бардым. Алты қақпалы үлкен мешіттің мүгедектерге арналған арбамен кіретін пандусы жоқ қапталына келіппін. Намаз бітіп жамағат шығып жатыр екен, адам аяғы саябырласын, сосын айналып кірем деп ішімнен дұғамды оқып отырсам бір дәәу қатын келіп:
— ей қайдан келдің дейді.
— қалай сонда?
— бұл менің жерім, басқа жаққа барып қайыр тіле. Менің қақпамнан ары жүр дейді.
— сен мешітте қақпа сатып алып па едің деп ақыры ешқайда асығыс емеспін деп “қызық үшін” ерегісе кеттім.
-мен мүгедектін, маған дәріге ақша керек, сен сап саусың ғой, сен неғып жүрсің десем,
-ееей менің 7-балам бар, 2-і мүгедек, мен бұл төшкіде отырғаныма 9 жыл болды, түсіндің бе, табаныңды қайдан келдің сол жаққа жалтырат дейді.
Дәу қатын маған дікілдеп тұрғанда бір жігіт келіп мені қолыма 2000тг беріп: әпке Алла шифа берсін деп кетіп қалды. Әрине, мен күткен жоқпын. Бірақ солай болуы керек сияқты үндемедім. Бұны көріп ана дәу әйел одан сайын жынданып:
-давай давай, қайқай деп жатқанда 13-14 жастағы мойыныда kaspi gold номер жазылған кардон қағазы бала келіп еді, дәәу қатын:
-қайда жүрсің Ершон, тұр орыныңа, қақпаны ешкімге берме деп ұрсып еді, сап сау баласы:
-мам туалетке барып келдім деді. Әкең екеуің арқан тышасыңдарма, туалетте телефонда отырдың иә ит деп баланы желкесінен бірақ ұрды.
Бала ұрғанды жек көретін менің шатырым ашылды.
— ей, ақша үшін өлдің бе баланы ұрып. Сен не деген қорықпайтын адамсың? Сау баланы қақпаға тұрғызып қайыр тілеткенің үшін, (9-жыл бойы) сені аналық құқықтан айыру керек, қазір мен полицияға хабарлаймын десем:
-шақыр кіміңді шақырар екенсің дейді.
Дәу қатынның арбамды теуіп маған айқайлап тұрғанын көрген адамдар жаны ашып араша түсе бастады. Сол сәтте маған 500, 1000, 200 тг беріп кетіп жатыр… өзімнің аяқ астынан қалай қайыршы болып кеткенімді білмей қалдым.
Баласы тұрып еді, қатын басқа қақпаға кетті.
Сөйтсе, басқа қақпада күйеуі тұрады екен. Содан маған мешіттің “ішкі кухнясы” өте қызық болып кетті. 90-шы жылдар сияқты. Крышамын, менің жерім, менің қақпам.. қызық екен”, — деп жазды ол.
Желі қолданушылары да автордың сөзімен толық келісетіндерін айтып, қайыршы кейпіндегі алаяқтардың көбейіп кеткенін жазуда.
”Мен де емханаға бара жатып балдақпен тұрған қайыршы апаға ақша бердім. Қайтарда сол кісінің балдақты қолына ұстап, өзі жүріп бара жатқанын көріп, таң қалдым. Қазір ешбір қайыршыға сенбеймін”, “Барлық жерде солай деп естігенмін. Солар іштегі молдалармен бөлісетін шығар”, “Қазір барлық жерде бәсекелестік көп заман”, “Бүгінде өтірік қорлар, жалған қайыршылар көбейді ғой, Алла сақтасын”, — деп жазды олар.