Жолаушылар арасында пойызға кешігіп қалу жиі кездесетін қолайсыз жағдайлардың бірі.
Пойызға кешіккен кезде ең алдымен, жолаушы вокзалдағы билет кассасына барып, жағдайды кассирге хабарлауы тиіс.
Егер жолаушы пойызға үлгермей қалса, билет құнын жартылай қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Алайда бұл рәсім билетте көрсетілген пойыз станциядан жөнелтілген сәттен бастап 1 сағат ішінде ғана орындалады, — дейді "Жолаушылар тасымалы" АҚ қызметкерлері.
Қайтару рәсімін жүзеге асыру үшін жолаушы жеке куәлігі мен билетін ұсынуы қажет. Кассир тиісті құжаттарды рәсімдеп, егер бос орын болса, келесі пойызбен жол жүрудің басқа нұсқаларын ұсынуы мүмкін.
Билет құнын қайтару мөлшері мен мерзімі жолаушыларды, жүк пен багажды, сондай-ақ пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес жүргізіледі, — дейді қызметкерлер.
Қосымша ақпарат алу үшін жолаушылар 1433 нөміріне хабарласуға болады.
Abai.kz