Ақтөбелік Ерболат Қуанышев 4 мыңға жуық топай жинады.
Топай – сиырдың асығы. Әу баста ермек ретінде бастаған бұл ісі Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Ерболат енді әлемдік рекорд орнатуды көздейді. Әуесқой шебер топай жинап қана қоймай, одан түрлі кәдесый жасайды.
Ерболат Қуанышев, шебер:
- Сүйектен өзім ерігіп істейтін жұмысым. Қашап жазып бере аламын. Гравюрный машинкам бар. Бұл өзімнің атымнан медаль. Бір сыйлыққа беруге болады. Жазып, марапаттап. Артына липучка жабыстырып төске жабысатындай етіп. Соған ағайын-тума риза болады беріп жатсаң.
Сүйектен төсбелгі, сиырдың мүйізінен садақ, түйенің ортан жілігінен қолшоқпар жасаған Ерболат Қуанышев үйінің бір бөлмесін мұражайға айналдырған. Мұнда "Жеті қазына", "Жігіттің үш жұрты" мен "Жеті ырысын" сүйекке қашап жазған кәдесыйлар бар. Ерекше бұйымдарды арнайы келіп тамашалайтындар көп.
Ерболат Қуанышев , шебер:
- Енді біздер мүмкіншілік келгенше сүйекті тастамай бәрін істегіміз келеді қолымыздан келсе. "Жеті ата" жазамыз, асықты жинаймыз. Тұқайдан жылқының ручка салатын жасаймыз. Мынаған телефон салатын істейміз. Мүйіз. Бұдан бокал істейміз. Бір литр су кетеді. Қымыз ішуге болады. Шұбат ішуге болады.
Шебердің негізгі хоббиі топай жинау. Ірі қараның сүйегін тоңазытқышта сақтап, саны 50-60-қа жеткесін қайнатып, тазартып алады. Кейін қынамен бояйды. Ерболат Қуанышев жинаған топайларды «Қазақстан барысы» сияқты дүбірлі додаларда жеребе тартуға алады. Бүгінде шеберханада тау болып үйілген топай саны 4 мыңға таяған.
Ерболат Қуанышев , шебер:
- Асық ойнап өстік қой. Асықтың өзі қолдың зеректігі, кистьке гибкость береді. Оның өзі спорттық ойынға енгізді. Қазіргі балалар асық ойнайды деп айта алмаймын. Қазір компьютердің заманы ғой.
Бос уақытында сүйек қайнатып, олардан түрлі бұйым жасауды кәсіп еткен шебер әлемдік рекорд орнатқысы келеді. Ұлыбританиядағы кеңсесіне ресми өтінім хат жолдапты. Бұл арқылы қазақтың өнерін төрткүл дүниеге танытпақ. Ал топай санын келешекте бұдан да көбейтемін дейді өзі.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов